Америкалық конгресшілер Қазақстан Президентінің ЕҚЫҰ саммитін Астана қаласында өткізу туралы бастамасын қолдайды. Мұндай мәлімдемені олар Вашингтонда мемлекеттік хатшы-сыртқы істер министрі, ЕҚЫҰ басындағы төрағасы Қанат Саудабаевпен өткен кездесуде жасады. АҚШ - ЕҚЫҰ беделді мүшелерінің бірі. Сондықтан да, Қанат Саудабаевтың ұйым аясында әрекет ету жоспарының таныстырылымын осы елден бастауы заңды. Министр кездесуі таңертеңмен АҚШ Президентінің резиденциясы Ақ Үйде басталды. Олар жабық түрде өтті. Жиын кеш бата атақты Капитолий төбесіндегі АҚШ Парламентінің ғимаратында аяқталды. Америкалық конгресшілердің біздің делегацияны жылы шырай танытып, құшақ жая қарсы алғанын айта кеткен жөн. ЕҚЫҰ іс басындағы төрағасының құрметіне өткен қабылдауға конгресшілер, сенаторлар, танымал қоғам және саяси қайраткерлер келді. ЕҚЫҰ-ға жауапты АҚШ-тың басты органы Хельсинки комиссиясының мүшелері қазақстандық делегацияның жетекшісіне президент Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған хатты тапсырды. Онда олар Қазақстанның ЕҚЫҰ аясында атқарар бастамалары мен президент Назарбаевтың осы ұйым саммитін Астанада өткізу туралы ойларын қолдайтынын білдірген. Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің жетекшілері соңғы рет 10 жыл бұрын кездескен. Конгресшілер алдағы саммит ұйым жұмысын жандандыра түседі деген сенімде.
Бенджамин Кардин, АҚШ Конгресі Хельсинки комиссиясының мүшесі:
- Сіздердің Президенттеріңізбен екі жыл бұрын кездескенмін. Бұл өте күшті әрі жігерлі адам. Әрине, ол Батыста жақсы танымал, бүкіл әлемде үлкен құрметке ие. Қазақстанды дамыту үшін қолдан келгеннің бәрін істеп жатқанын да білеміз. Және де біз оның осы бағыттағы бастамаларын қолдауға дайынбыз.
Дэн Поннеман, АҚШ энергетика министрінің орынбасары:
- Қазақстан мен АҚШ арасында іскерлік және саяси жағынан берік байланыс орнаған. Әртүрлі салаларда ірі-ірі біріккен жобаларымыз бар. Біз бұндай байланыстарды одан әрі де дамытуға ниеттіміз.
Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағасы ретіндегі әрекет ету бағдарламасы Конгрестің төменгі палатасында, Ақ Үй мен жергілікті журналистерге таныстырылды. Америкалықтарды Ауғанстандағы жағдай, нәсілшілдік, антисемитизм, адам саудасы мен экологиялық ахуал алаңдатуда. Қазақстан осы мәселелерді шешуде америкалық қауымдастықтың қолдауына ие өзіндік жолдарын ұсынуда.
Ерлан Ыдырысов, ҚР АҚШ-тағы төтенше және өкілетті елшісі:
- Олар адал әрі объективті көзқараспен қарап отыр. Хельсинкий комиссиясының жетекшісі ЕҚЫҰ саммитін өткізу туралы ойымызды қолдады. Бұл АҚШ тарапынан жасалған үлкен саяси қолдау. Енді саммит күнтәртібінде қаралатын мәселелермен айналысамыз.
АҚШ-тағы кездесуге қатысушылар Қазақстанның үлкендігі жағынан екінші ядролық сынақ алаңы мен қуаттылығы әлемдегі төртінші ядролық арсеналды жою туралы шешімін жоғары бағалайтынын атап өтті. Сонымен қатар, алдағы уақытта Барак Обаманың бастамасымен Америкада өтетін ядролық саммитте президент Назарбаев мәртебелі қонақтардың бірі болатыны айтылды.
03.02.2010 21:15