Мырзашөл өңірінде Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында тағы бір жаңа, 1200 орындық мектеп пайдалануға берілді. Соңғы үлгіде салынған білім ордасында оқушылар бір ауысымда ғана сабақ оқитын болады. Мақтарал - Оңтүстік Қазақстан облысындағы халқы ең тығыз орналасқан аудан, 300 мың тұрғыны бар. Мектепке баратын оқушылардың өзі 70 мыңнан асады. Мырзакенттегі пайдалануға берілген жаңа мектеп бұл ауыл үшін үлкен қуанарлық жайт болды. Өзге мектептердегі сыймай жатқан оқушылар енді осында ауысады.
Әйгерім Ябекова, оқушы:
- Бұл жерде оқушы өзінің қалаған өнеріне үйренеді, факультатив сабаққа, үйірмеге қатыса алады. Және заман талабына сай компьютерлік класс, интерактивті тақтамен жабдықталған. Әр пәнге сыныптар бар, құрал-жабдықтарымен.
Өткен жылы түрлі шығындарды қысқартудың есебінен облыста 6 миллиард теңге үнемделген болатын. Соның есебінен биыл барлық мектептердегі ескірген тақта, парталар жаңартылмақшы. Жалпы, биыл мектептердің жағдайына, білім саласына қатты назар аударылып отыр.
Асқар Мырзахметов, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі:
- Облыста 62 апатты мектеп болса, соның 45-ін облыстық бюджеттің есебінен салғалы отырмыз. Ол бір, екіншіден. Үш ауысымдағы мектептердің проблемасын 100 пайыз шешкелі отырмыз. Оған қоса мектептердің материалдық-техникалық жағдайын жақсартамыз.
Жаңадан ашылған мектепте Мақтарал ауданының әкімі ел алдында жылдық жұмысына есеп берді. Негізінен мақта өсірумен айналысатын өңірде ауылшаруашылығын әртаптандыру мәселесі өткір болып тұр. Былтыр 30 мың гектар мақталық алқаптың орнына көкөніс, жеміс-жидек егілген еді. Енді оны сақтау, өңдеу инфрақұрылымын дамыту қажет.
Сәду Бекенов, «Кетебай» өндірістік кооперативінің төрағасы:
- Сондай завод, фабрика салып, осы жерде өңдеуіміз керек. Сосын, сатуға шығаруымыз керек. Одан кейін сақтайтын қойма керек. Малды сойып, өңдейтін цехтар керек. Ол осы Мақтарал өңірінде керек. Өйткені, халқы өте тығыз орналасқан.
Аудан әкімдігі дихандардың тарапынан ұсынылған жобаларды қаржылай қолдайтынын айтты. Ол үшін бюджетте тиісті қаржы қарастырылған.
08.02.2010 21:33