Жезқазған қаласында «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының форумы өтті. Мысты өңірдің металлургтері мен кеншілері Елбасы Жолдауына қолдау білдіріп, ел экономикасының өркендеуіне барынша үлес қосамыз деген үндеу жолдады. Жезқазған қаласындағы мыс қорыту зауытында өткен форумға мың жарым адам қатысты. Жиында сөз алған металлургтер мен кеншілер, зиялы қауым өкілдері Елбасы Жолдауындағы жүктелген міндеттерді жүзеге асыруға үлес қосатындықтарын айтты. Жезқазғандағы барлық жүйеқұраушы кәсіпорындардың жұмысы тұралап қалған сонау 90-шы жылдары Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен өңірге инвестор келіп, өндірістің тамырына қайта қан жүгірткен еді. Елбасы Жолдауында айқындалған ауқымды жұмыстар халықтың ертеңге деген сенімін нығайтады,-дейді еңбеккерлер.
Жақсылық Нарықбаев, металлург:
- Әлемдік қаржы дағдарысына қарамастан, бізде биыл жалақы, зейнетақы және басқа да мемлекеттік төлемдер 25 пайызға артты. Сондықтан, осындай елдің қамын ойлап отырған басшымыздың Жолдауын әрдайым қолдап, алдағы міндеттерді орындауға металлургтер күш-қайратымызды жұмсаймыз.
Амангелді Бабасов, металлург:
- Біз өзімізді бақытты адамбыз деп санаймын. Өйткені барлық ісін, әл-қуатын мемлекеттің гүлденуіне, халықтың жағдайын жақсартуға бағыттаған, халқының болашағын ойлайтын көшбасшымыз бар. Біз әрқашанда Президентімізді қолдаймыз.
Эдуард Огай, «Нұр Отан» ХДП «Қазақмыс» корпорациясы жанындағы партиялық ұйымның төрағасы:
- Елбасы өз Жолдауында алдағы 10 жыл ішінде корпорация алдында тұрған міндеттерді нақтылап берді. Елдің индустриалды-инновациялық даму стратегиясын іске асыруға біз де бар күш-жігерімізді саламыз.
Қамбар Алашбаев, кенші:
- Шахтерлардың жағдайы қазір бұрынғыдан көш ілгері. «Нұр Отан» партиясынан қолдау тауып келеміз. Кеншілер әр ай сайын жоспарды артығымен орындап отыр. Жағдайымыз жақсара бастады.
Елбасы Жолдауындағы басым бағыттардың бірі – отандық өнеркәсіпті өркендету. Қазір Жезқазған өңіріндегі зауыттар мен шахталардың барлығы дерлік жаңа қондырғылармен жабдықталып, өндіріске заманауи технологиялар енгізілген. Соның бірі – Сәтбаев қаласындағы Анненск кеніші.
Ардақ Қабыханов, тілші:
- 70-ші жылдары іске қосылған Анненск кеніші өндірісті Жезқазған өңіріндегі ең мол өнім беретін кеніштердің бірі. Қазір мұнда шамамен 1000-ға тарта адам еңбек етеді. Кеніште тәулігіне 9 мың тонна кен өндіріледі.
Соңғы 3-4 жылдың ішінде мұндағы кеншілер жалақысы бірнеше пайызға өсіп, көптеген әлеуметтік жеңілдіктер енгізілген. Бұл Елбасы жүргізіп отырған сындарлы саясаттың жемісі,-дейді еңбек майталмандары.
Абдолла Қабылов, Анненск кенішінің бригадирі:
- Анненск кенішінің жұмыскерлері Елбасының осы жылғы Қазақстан халқына Жолдауын өте терең ықыласпен қабыл алдық. Бұл Жолдауда қазақ елінің алдағы 10 жылда өсіп-өркендеу бағыты айқын көрсетілген. Халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға көп мән берілген.
Қазір «Қазақмыс» корпорациясы Елбасы тапсырмасына сәйкес, бірқатар инновациялық жобаларды қолға алды. Жұмыскерлердің әлеуметтік жағдайын көтеру бағытында да ауқымды шаралар атқарылуда. Тек ағымдағы жылдың өзінде өндіріс қуатын арттырып, еңбек қауіпсіздігін нығайтуға 400 миллион доллар қаржы бөлініп отыр.
08.02.2010 21:35